Дүйсенғали Әжіғалиев
1915 жылы Гурьев қаласында туған.
1939 жылдан бастап КОКП мүшесі болған.
Ұлы Отан соғысының ардагері. Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнертапқышы.
Еңбек жолын 1936 жылы Гурьев мұнай техникумын бітірген соң, Доссор кәсіпшілігінде цех бастығы болып бастады. 1940 жылдың басында Қызыл Әскер қатарына шақырылып, әскери міндетін өтеп жүргенде соғысқа аттанады. Небір қиын-кескі ұрыстарға қатысады. Соғыстың аяғына таман қатты жарақат алып, 1945 жылдың қараша айында елге оралады.
1946 жылдан бастап Қошқар, Қаратон мұнай кәсіпшіліктерінде, «Қазақстанмұнайбарлау» және «Қазақстанмұнай», трестерінде қызмет етіп, Терең-Өзек, Жантай, Қарсақ мұнай кен орындарын ашуға қатысып, игерілуіне басшылық етті.
Ең бастысы, Д.Әжіғалиев – нағыз кәсіби мұнайшы, ол өз өмірінде мұнай өндірісінде 569 жаңалық ашып, ұсыныстар жасаған адам. Осындай елеулі еңбегінің арқасында «КазКСР Еңбек сіңірген өнертапқышы» құрметті атағы берілді. Және ол 1-дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «КСРО мұнай өндірісінің үздігі» төсбелгісімен, көптеген мерекелік медальдармен, Құрмет грамоталарымен марапатталған. Жаңашыл, ізденімпаз, өз ісінің маманы Д.Әжіғалиев 1999 жылы дүниеден озды.