Image
Жүктелуде
image

Мұса Баймұханов

1910 жылы Қызылқоға ауданында қарапайым мұнайшы отбасында өмірге келген. 15 жасынан бастап Доссор кәсіпшілігінде бұрғышы болып еңбекке араласады. Заман талабына орай, кәсіби мұнайшы болу үшін, Алматының тау-кен металлургия институтында оқып, 1932 жылы Доссорға қайта оралып, мұнайшылық кәсібін жалғастырады. 

1941 жылдың маусымында әскер қатарына шақырылып, әскери училищеде оқыды. Кіші лейтенант шенінде Ленинград майданында бір взводтың командирі болып, Ұлы Отан соғысына алғашқы күннен бастап қатысып, ерлікпен көзге түседі. Ең соңғы ерлігін 1945 жылдың қаңтарында жұқа мұздың үстімен бірінші болып Одер өзенінен өтіп көрсеткен екен. Кескілескен шайқас соңы қаланы жаудан толық азат етумен аяқталады. Жау жағынан барлығы 800 адам оққа ұшты. Немістер Кеңес әскерлерінің пәрменді екпінін тоқтатпақ болып, өзеннің жағаларына бекініс орнатады. Резервтерін жинастырып, сансыз көп доттар мен дзоттар салды. Тікенек сым құрып, миналы алқаптар жасады. Бірақ, фашистердің бұл әрекетінен түк шықпады. Баймұханов араласқан осы шайқаста Оппельн қаласынан 10 қару қоймасы, 8 жүк эшелоны, 6 паровоз, 80 автокөлік, 50 мотоцикл, 78 пулеметті қолға түсірген Кеңес жауынгерлері қаланы толық азат етіп, жеңіске қол жеткізеді. Осы шайқаста көрсеткен ерлігі үшін Мұса Баймұханов Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылып, 1945 жылы 10 сәуірде берілді. Ол бұған дейін Ленин, Қызыл Ту, 1 дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін» медалімен және басқа да бірнеше медальдармен марапатталды. Бірақ, Мұса Баймұхановқа Ұлы Жеңісті көру бұйырмады. 1945 жылы 18 наурызда шейіт болды. Батырдың сүйегі Польшаның Бяла қаласы маңындағы зиратта жерленген.