Image
Жүктелуде

Мұнайшы әйелдердің үлесі

Фашистермен шайқаста жеңіске жету жолында кеңес әйелдерінің қосқан үлесі орасан зор еді. Олардың иықтарына шаруашылықтың ауыр жүгі түсті. Олар ауырлығы мен қиындығына қарамай, республикамыздың мұнай өнеркәсібінде де аянбай еңбек етті.

Соғыс кезінде қазақстан мұнайы саласында еңбекке араласқан әйелдердің жалпы саны 20 % дан 41 % дейін өсті.

Отандық мұнай-химия саласының іргетасын қалауға атсалысқан, Гурьев мұнай өңдеу зауыты құрылысшыларының 70 % көбін әйел адамдар құраған. Солардың күшімен қысқа мерзім ішінде Гурьевте  резервтік теңіз порты салынған. Осындай көлік торабы кавказ мұнайын Орскге айналма жолмен жеткізуге жол ашқан.  Қазақстандық тракторшы әйелдердің ерен еңбегі жоспарды бірнеше рет асыра орындауда және он мыңдаған тонна отынды үнемдеуде үнемі байқалып отырған. Осылардың бәрі жауға қарсы шайқасып, жеңіске жету жолында үлкен синергетикалық әсер берген.

 


   Гурьев мұнай техникумының студенттері. 1942 ж                                        

Соғысқа аттанған ер-азаматтардың орнын әйелдер толтырды. Тез арада әйелдерді мұнай өндірісінің түрлі салалы жұмыстарына үйретіп, қысқа мерзімді курстарда оқытып та алды. Мысалы, соғыстың алғашқы жылында-ақ Жылыой ауданындағы кәсіпшілікте 160 әйел өндіріске түсті. Түрлі курстарда үй шаруасындағы әйелдер 163 әйел мұнай өндірісінің мамандығын үйреніп, еңбекке араласқан. Мақат ауданындағы кәсіпшілікте 327 әйел өндірісте істеген. Соғыс жылдарында социалистік жарыс барынша өрістетілді. Осылай майдандағы жауынгерлер ерлігін тылдағы мұнайшылар да жалғастырып жатты. Айталық, Балғаным Досбаева ер-азаматтар майданға кетіп, мұнай кәсіпшіліктерінде жұмысшылар жетіспей жатқанда,алғашқы болып, әйелдерді қара алтынды өндіруге шақырып, үндеу тастаған қазақтың қара домалақ қызы болатын. Ол Одақ бойынша әйелдердің ішінен тұңғыш рет мұнай өндіру учаскесін құрып, басшылық жасады. Оның қыз-келіншектерден тұратын бригадасы жоспарды үнемі 150 пайызға асыра орындап, абырой-атақтары сол кездің баспасөз беттерінде жазылып, сонау майдандағы жауынгерлерге де жетіп жатты. Ол КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына үш мәрте сайланған алғашқы қазақ әйелі.

Балжан Жұмағалиева өндірісте. 1965 ж. 

 

Кәсіпкер мұнайшы Балжан Жұмағалиева мұнай техникумын бітіріп, ұзақ жылдар оператор, ұзақ жылдар оператор,  шебер болып жұмыс істеді. Тәжірибесі молайған кезде оны облыс басшылары лауазымды қызметке өсіріп, ірі мұнай кәсіпшілігін басқартты. Балжан сенімді ақтады да, ол басқарған кәсіпшілік берілген мемлекет жоспарын үнемі артығымен орындап отырды.

Еңбек жолын бала кезінде, ел басына күн туған соғыс жылдарында Мақат пен Доссор мұнай өндіру кәсіпшілігінде бастаған Жібек Сегізалиева, өсе келе, адал еңбегімен елдің құрметіне айналды. Жерлестері оны Қазақ Республикасы Жоғарғы Кеңесіне депутат етіп бірауыздан сайлады. «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерінің иегері болды.

Соғыс жылдарында, қаршадай кездерінде Нәбира Шағырова Доссор, Байшонас мұнай кәсіпшіліктерінде оператор болып еңбек жолын бастады. Өзіне тапсырылған міндетті үнемі артығымен орындады. Жеңіс келген соң да, ол үсті-басы май-май болып жүре беремін бе демей, мұнай кәсіпшілігінен кетпеді. Еңбегін зейнеткерлікке шыққанға дейін жалғастырды. Қазақтың мұнайшы қыздарының арасынан алғаш рет Нәбира Шағырова Социалистік Еңбек Ері атанды. Ленин, Еңбек Қызыл ту, Құрмет белгісі ордендерінің иегері болды.  

Гурьев облысы бойынша майданға кеткен ер-азаматтарды жоқтатпай, шаруашылықтың қай саласында болсын, аянбай еңбек еткен әйел-аналар облыс көлемінде аз болған жоқ. 1941 жылдың аяғында мұнай кәсіпшілігінде жұмыс істейтін әйелдер саны 2386-ға жетті. Тіптен ең ауыр деген бұрғылау жұмысына әйелдер араласып, табандылық танытты. Мысалы, бір жылдың ішінде 132 қыз бұрғылау жұмысына тез үйреніп, тереңде жатқан мұнайлы қабаттарға із салып, ағалар ісін тоқтатпай жалғастырды. Олар: Б.Даужанова, Қ.Қаспаева, Р.Махамбетова, А.Алтаева, Ш.Тілеуғалиева, М.Байжанова, А.Құбашева,Л.Власовалар... Олардың ұраны «Майдан қанша мұнай талап етсе, сонша мұнай береміз!» болды. Соның арқасында мұнай көші толастамай майданға қарай ағылып жатты.